СМИ: О Нас

Бақша баптаған ұстаз

Бәрекелді!

Гүлнар — агрономия саласының білгірі

Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданы Құлан ауылында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша ІІІ республикалық кәсіби шеберлік байқауы өтті.

Құлан агротехникалық жоғары колледжі базасында өткізілгенбайқауға еліміздің 13 өңірінен ветеринария және агрономия мамандықтары бойынша 24 педагог қатысты. Осы байқауда біздің өңірдің намысын  қорғаған Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе аграрлық-техникалық колледжінің арнайы пән оқытушысы Гүлнар Ещанова агрономия саласы бойынша бас жүлдені жеңіп алды. Мұнда төрешілер байқауға қатысушылардың кәсіби шеберлігін электронды түрде бағалапты.

Жеңімпаздың айтуынша, байқау барысында педагогтер 6 модульді қамтитын теориялық және практикалық тапсырмаларды орындады.

— Алты модульдің алғашқысы — тестілеу болды. Одан өткесін, ситуациялық сұрақтарға жауап бердік. Байқаудың практикалық кезеңі әрбір модуль бойынша бір немесе бірнеше тапсырмадан тұрдыМәселен, топырақтың агрохимиялық көрсеткішіне талдау жасап, оның орташа үлгісін алдық. Жеміс ағаштарының бұтақтарын біріне-бірін қалай телуге болатынын көрсеттік. Топырақтың органикалық бөлігін, яғни, гумусын анықтап, бидай ұнынан қамыр илеп, одан дәнмаңызын (клейковина) ажыраттық. Республикалық байқауда агрономия бағыты бойынша әріптестерімнің арасында жеңімпаз атанғаныма қуаныштымын, — дейді агрономия пәнінің оқытушысы Гүлнар Жалғасқызы.

Кейіпкеріміздің агрономия бағыты бойынша жеңіске жетуі де тегін емес. Бүгінде Гүлнар Ещанова бау-бақша баптап, береке тапқан. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырғанды ұнататын педагогтің сүйікті жұмысы — үйінің ауласындағы бау-бақшаны күту және жеке жылыжайында еңбек ету.

— Жер үйде тұрғасын екі сиыр ұстап отырмыз. Биылдан бастап мал көңіне калифорниялық қызыл құрт жіберіп, өңдеп, биогумус өндіріп отырмыз. Бір қорапта мың құрт болады екен, соны сатып алғанбыз. Қазір ол бірнеше есе өсті, солардың арқасында қазір қара топырақ сатып алмайтын болдық. Жылыжайға да, бау-бақшаға да қызыл құрт өндірген биогумусты төгіп, биыл өнім шығымы мол болды. Аулада қарбыз егіп, тегін жеп, өзімізден артылғанын саттық. Қала тұрғындарына бір кеңес айтайын, күзде ағаштан түскен жапырақты өртеп әуре болмаңыз, керісінше, бау-бақша алаңына көміп тастаңыз, ол табиғи жолмен шіріп, топырақ құнарлана түседі, — дейді өз ісінің білгірі Гүлнар Ещанова.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ. Бақша баптаған ұстаз (aqtobegazeti.kz)

«New Wave» байқауы қорытындыланды

Байқау

Ақтөбеде облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен  «New Wave» облыстық студенттік фестиваль байқауы өтті.  Оған өңіріміздегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері қатысты.

Облыстық жастар ресурстық орталығы басшысының орынбасары Заманай Қайнарұлының айтуынша, байқауға 60-тан астам өтінім түскен.

— Байқау мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру және дарынды жастарды қолдау мақсатында ұйымдастырылды. Оған арнаулы және жоғары оқу орындары студенттері қатысты. Қатысушылар үш бағытта бақ сынады.Өнер додасына «Үздік биші» номинациясы бойынша — 16, «Үздік әнші» номинациясы бойынша — 34, «Үздік қойылым» номинациясы бойынша — 7 қатысушы топ іріктелді. Қазылар алқасы қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай шығармашылық мүмкіндіктерін, актерлік шеберліктерін, сахналық қойылымдарын бағалады, — дейді ол.

Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің студенті Айтолқын Мырзабай бұл байқауда алғаш рет өнер көрсеткен.

— Байқауда «Үздік қойылым» номинациясы бойынша «Әкеге арналады бұл мұңым» деген 15 минуттық қойылым көрсеттік. Қойылымның мазмұны өмірден алынған. Мен басты рөлді сомдадым. Тұрмыста орын алған дау-жанжал бала психологиясына да әсерін тигізбей қоймайды. Осындай шынайы оқиғаға негізделген қойылымда 9 студент өнер көрсетті. Қойылымның сәтті шығуына көмектескен ұстаздарымыз Гүлназ Айтқазықызы мен Бағдагүл Мырзатаеваға алғысымыз шексіз, — дейді ол.

Фестиваль-байқаудың қорытындысы бойынша қазылар алқасы шешімімен жеңімпаздар, әр бағыт бойынша  I,  II, III дәрежелі дипломдармен, бағалы сыйлықтармен және арнайы номинациялармен марапатталды.

Ақмарал МҰҚАШЕВА. «New Wave» байқауы қорытындыланды (aqtobegazeti.kz)

Өркениетті даму жолындағы іргелі білім ордасы

Еліміздің ағарту саласына өзінің қомақты үлесін қосып келе жатқан оқу орындарының бірі  — Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжі.  Өндірісті Ақтөбе өңіріндегі кәсіптік білім берудің күретамырына айналған, айтулы белестерді бағындырған, кәсіби орта буын мамандарын даярлайтын оқу ордасының бүгінгі жай-күйі туралы әңгімелеуді жөн көрдік…

Кеше және бүгін

Білім ордасының ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауда өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Білікті де білімді мамандарды даярлап келе жатқан алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі. Аудандардағы шаруа қожалықтарына малшы, механизатор, мал дәрігері, зоотехник мамандары жетіспейді. Бүгінде облыстағы 9 колледжде ауыл шаруашылығы мамандары даярланып жатыр.

Оқу орнының шежірелі тарихына шолу жасасақ, білім ордасының іргетасы 1977 жылы қаланған. Сол жылдары Ақтөбе ауылшаруашылық техникумның құру туралы қаулы шығып, алғашқы түлектер оқуға қабылданды. 1996 жылы колледж атауы Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжі болып өзгертілді. 2018 жылдан бері оқу орны Жоғары колледж статусына ие болды. Биыл колледж атауы Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық техникалық колледжі болып өзгертілді.

Бүгінгі таңда колледжде 821 студент күндізгі бөлімде, 200-ге  жуық студент сырттай оқу бөлімде оқиды.

— Колледж тарихының қай кезеңін алсақ та оның дамуы мен қалыптасуына үлкен үлес қосып, оқу орнына сара жол, дәстүр, жаңа үрдістер қалыптастырған басшылар, ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлері, тәрбиешілер баршылық. Әр жылдарда бұл оқу орнын білікті мамандар, кәсіптік білім беру ісінің үздіктері басқарды. Іргелі оқу ордасын  Владимир Гавриш, Алексей Войлик, Владимир Власов, Владимир Друзьяк, Амангелді Құдайбергенов, Амангелді Есіркепов сынды басшылар басқарып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, ұлттық кадрларды даярлауға өзінің қомақты үлесін қосқан. Оқу орнында 90-ға жуық педагог, оның ішінде 19 магистрант, үш аспирант және екі  Phd докторы жұмыс жасайды. Биыл колледжді 153 түлек аяқтап, олардың 70 пайызға жуығы жұмысқа орналастырылды. Кадр даярлау 15 мамандық бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ, «Ветеринария», «Ауыл шаруашылығын механикаландыру», «Ландшафтық дизайн», «Агрономия» және  тағы да басқа мамандықтар оқытыладыСондай-ақ 2021-2025 оқу жылдарына арналған ұлттық жоба аясында мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын қысқа мерзімді курстар және ақылы курстар да өткізіледі, — дейді колледж директоры Қасымбек Алдияров.

Оның айтуынша, колледж оқушылары 320 орындық жатақханамен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар колледжде 50 орындық асхана, 230 орындық мәжіліс залы, 50 орындық оқу залы және кітапхана жұмыс жасайды. Білім алушылардың  спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануына  толық мүмкіндік бар. Сондай-ақ колледждің спортзалы да күрделі жөндеуден өткізіліп, жасанды көгал төселген.

— Колледждің қазіргі заман талабына сай материалдық-техникалық базасы жаңартылған. Оқу орнында 40-тан астам оқу кабинеті, арнаулы пәндер бойынша  жиырмаға жуық тәжірибелік алаңдар мен зертханалар жұмыс жасап тұр. Мұнда оқушылардың тәжірибелік алаңдарда жұмыс жасауына жағдай қарастырылған. Болашақ агрономдар жерді пайдаланылуды, егін егу, көкөніс пен жеміс-жидектерді өсіру технологиясын колледж жылыжайында, қысқы бақта, ашық жердегі эксперименттік алаңдарда, егістік және көкөніс алқабында, таңқурай бағында үйренеді. Орманшылардың тәжірибелік және зертханалық сабақтары дендробақта және тәлімбақта ұйымдастырылады. Сонымен қатар колледжде ветеринария және зоотехния мамандықтары үшін мал өсіру және баптау алаңы — виварий, ветеринарлық клиника, құстар мен жануарлар зертханасы арнайы жабдықтармен жабдықталған. Бұл зертханаларда ірі қара, қой, үй қояндары, құстар да баршылық, — дейді колледж директоры.

Оның айтуынша, колледждің 30-дан астам әлеуметтік серіктесі бар. «Степное» ЖШС, «Зәру» ШҚ, «Пригородное» ЖШС, «Болат ЛТД» ЖШС, «Энергожүйе» ЖШС, «Izet Green House» ЖШС, «Рокос Ко» ЖШС және тағы басқа шаруа қожалықтары білім ордасының әлеуметтік серіктестері.

— Колледжіміздің материалдық-техникалық базасы жылдан-жылға жаңартылып келеді. Білім ордасында көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізіледі. Колледж аймақты абаттандыру бойынша үздік білім беру ұйымы атанды. Мәселен, екі жыл қатарынан «Гүлдер әлемі» фестиваль-байқауында І орынды иеленді. Бізде агроном, ветеринар, зоотехник маманын даярлауға 3 жыл керек. Басқа шетел мемлекеттерімен салыстырғанда елімізде ауыл шаруашылығы саласында оқитын студенттердің шәкіртақысы әлдеқайда төмен. Мәселен, Австрияда ауыл шаруашылығы мамандарын даярлауға ерекше мән беріледі. Олардың шәкіртақысы басқа салада оқитын студенттерге қарағанда жоғары. Біздің елімізде де осы тәжірибе қолға алынса, жастар ауыл шаруашылығы мамандығын таңдаудан қашпас еді, — дейді ол.

Тәлімгерлер жетістігі

Колледжде бау-бақша баптап, теориялық ілімін тәжірибесімен ұштастыратын педагогтер баршылық. Солардың бірі — 40 жылдан бері колледжде қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі ұстаз Әсия Мырзабекова. Ол дендрабақ, тәлімбақ, интенсивті бақ  сынды тәжірибелік алаңдарының негізін қалады.

 

— Колледж дендробағында  50-ден  астам декоративті , қылқанды, жапырақты ағаштар мен бұталар өсіріледі. Көктемде қаламыздағы оқу орындарына ағаш көшеттерін тегін таратамыз. Биыл интенсивті бақта жүзім және алма ағаштарын егіп бастадық. Жүзімнің суыққа төзімді ерекше сортын Орынбордан сатып алдық. Екі-үш жылдықта интенсивті бағымызда ергежейлі алма ағашының жемістерін алуды жоспарлап отырмыз. Тәжірибелік алаңдарда білгенімді студентеріме үйретемін. Сондай-ақ дәнді дақылдардан бөлек,   колледждің егістік алқабында  тарының «Яркое-6» сортын тамшылатып суару әдісімен егіп, тәжірибе жасадық.

Биылдан бастап мал көңіне калифорниялық қызыл құрт жіберіп, өңдеп, биогумус өндіріп отырмыз. Бір қорапта мың құрт болады екен, соны сатып алғанбыз. Қазір ол бірнеше есе өсті, солардың арқасында қазір қара топырақ сатып алмайтын болдық. Жылыжайға да, бау-бақшаға да қызыл құрт өндірген биогумусты төгіп, биыл мол өнім алдық, — дейді оқытушы.

Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде мал азығын әзірлеудің ерекше тәсілін ойлап тапқан зоотехник жұмыс жасайды. Ол облыста алғаш рет гидропоникалық әдіс арқылы мал азығын әзірлеу технологиясын тәжірибеден өткізіп, студенттеріне үйретіп жүр.

— Мен алғаш рет гидропоникалық әдіспен мал азығын үй жағдайында жасап көрдім. Нәтижесінде бір келі дәнді дақылдан 5-6 күн ішінде 8 келіден астам мал азығы өсіп шықты. Гидропоника — өсімдіктерді топырақсыз, жасанды ортада — қоректік заттардың судағы ертіндісіне өсіру әдісі. Онда өсімдік тамыры арнайы дайындалған субстратта (топырақ орнына қолданылатын заттар) орналасады.Табиғи ортада өскен дақылға қарағанда бұндай әдіспен өсірілген дақылдың мал шаруашылығына тигізер пайдасы мол. Мейлінше қысқа мерзімде құнарлы әрі мол өнім береді. Арпа тұқымынан жеті күнде көк шөп шығады. Он күнде оның асты жабысып, тамырланып, өскін қалыңдайды. Дайын өнімді турап, малға береміз. Шөппен араластырып та беруге болады. Болашақта автоматты түрде суару әдісін қолдана отырып, мал азығы өнімдерінің сапасын жақсарту жоспарымызда бар, — дейді арнайы пән оқытушысы Ақжол Есіркепов.

Колледж базасында биохимиялық, микробиологиялық зертханалар жұмыс жасайды. Арнайы пән оқытушысы Дәурен Қуановтың айтуынша, зертханаларда жан-жануарлардан, құстардан, ірі қарадан сынама алынады. Алдағы уақытта колледждің ветеринариялық клиникасында жан-жануарларға көмек көрсететін кабинет ашу жоспарлануда.

Студенттер не дейді?

Білім ордасына барғанымызда қояннан қан алып жатқан болашақ ветеринар мамандар мен бау-бақша өнімдерін арамшөптерден тазартып жатқан болашақ агрономдарды көрдік. Солардың бірі — 4-курс студенті Әмір Жайлан.

— Мен Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде «Агрономия» мамандығы бойынша тәлім алып жатырмын. Бізге екінші курстан бастап, бау-бақша өнімдерін күтіп баптау, дәнді дақылдарды өсіру әдістері үйретілді. Бұл мамандық ерекше төзімділікті қажет етеді. Биыл іс-тәжірибе барысында раушан гүлін өсірдік. Раушан гүлдердің жапырағын аптасына бір рет күн батқан кезде жуып не сүртіп тұрған дұрыс екен. Мұнан өзге ұстазым Гүлнар Ещанова қарбыз өсірудің ерекше технологиясын үйретеді. Оның оқушылары түрлі сайыстардан жүлдегер атанып жүр. Оқуымды аяқтаған соң «Ауыл аманаты» секілді бағдарламаларға қатысып, жылыжай ашқым келеді, — дейді ол.

Аталған оқу орны облыстың ең ірі шаруа қожалықтарында жас мамандарын тәжірибеден өткізіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік жасап отыр. Колледждің 2015 жылғы түлегі Темирлан Баймурзин оқуын аяқтай сала жұмысқа орналасқан. Еңбек жолын омарташылықтан бастаған ол қазір кәсібінен береке тауып отырған жас кәсіпкер.

— Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің мамандарына айтар алғысым шексіз. Ұстаздарымнан алған білімімнің арқасында жеке кәсіпкер атандым. Оқуды бітіре сала ара шаруашылығы кәсібінің қыр-сырын омарташы Александр Сонецкийден үйрендім. Одан соң «Бастау-Бизнесу» жобасы арқылы несие алып, 11 ұя омарта сатып алдым. Бұған қоса мал шаруашылығымен де айналысамын. Омарташылық кәсібімнің арқасында ауыл тұрғындарын бал өнімдерімен қамтамасыз етіп отырмын.

Ара секілді балдың да бірнеше түрі бар және олардың әрқайсысының өзіндік емдік қасиеттері болады. Көктем-жаз айларында гүлдер мен дала шөптерінен алған өсімдік шырынын аралар өз ұясына жеткенше өңдеп келеді. Кейін ұяшықтарға құйып, балауызбен жабады. Бақылап отырсаңыз, олар балды толық өздері өңдеп шығады. Бастапқы тұсында бал сұйық болады, ұяшықтан алғаннан кейін қоюланады, — дейді жас кәсіпкер.

P.S. Ауыл шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер өте көп. Колледж ұжымы ауылшаруашылық мамандарын дайындайтын оқу орындарының Ауыл шаруашылығы министрлігінің қарамағына өтуін қолдайды. Алайда бұл мәселе әлі күнге шейін Оқу-ағарту министрлігі тарапынан қозғалған жоқ. Одан бөлек Кеңес Нокин ауылында орналасқан колледжге қатынаудың өзі мұң. Студенттер №29, №39 бағыттағы автобустарды сағаттап күтеді. Сабағына кешіккен студенттерге оқытушылары кешіріммен қарағанымен, бұл мәселенің оңтайлы шешімі болуға тиіс дейді колледж басшылығы. Сондай-ақ ауылда дипломы бар жастарға көтермелеу жоқ. Облысымызда ірі шаруа қожалықтарының, аргоөнеркәсіптік кешендерінің аз болуына байланысты жастардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА. Өркениетті даму жолындағы іргелі білім ордасы (aqtobegazeti.kz)

Дарындылар бақ сынады

Чемпионат

Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінде «JuniorSkills» чемпионаты ұйымдастырылды. Оған Берсиев мектебі жобасының оқушылары қатысты.

Іс-шараның ашылу салтанатында колледж директоры Қасымбек Алдияров сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Колледж студенттері флешмоб билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Бұл жоба дарынды, шығармашыл оқушыларды қолдауға бағытталған. Берсиев мектебінің мақсаты — мектептер мен колледж арасындағы ынтымақтастықты қалыптастыру, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, кәсіби бағдар беру.

— Биылғы оқу жылында Берсиев мектебі жобасы жұмысын бастады. Осы жылы курсқа қатысуға 130 оқушы ниет білдіріп, 70 оқушы мектепке қабылданды. Қараша айында басталған курстың түлектеріне 30 сәуірде өтетін салтанатты іс-шарада арнайы куәлік табысталды. Сондай-ақ осы кеште «JuniorSkills» чемпионатының жеңімпаздары марапатталды, — дейді Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Алтынгүл Мұқанова.

Биыл колледжде алғаш рет ұйымдастырылған «JuniorSkills» чемпионатында «Флористика», «Аспаз ісі» салалары бойынша 9 қатысушы сынға түсті. «JuniorSkills» чемпионаты — 10 жастан 17 жасқа дейінгі мектеп оқушыларын кәсіптік даярлаудың қысқа мерзімді бағдарламаларын жүзеге асыру және ерте кәсіптік бағдар беру жүйесін құру идеясына негізделген кәсіптік байқау бағдарламасы.

— Өткен жылы қараша айынша Берсиев мектебіне қабылдандым. Мұнда аспаздық курсында оқып жатырмын. Бос уақытымда тәтті бәліш пен торт жасағанды ұнатамын. Осы қабілетімді байқаған оқытушыларым «JuniorSkills» чемпионатына қатысуды ұсынды. Сайысқа №65, №75 орта мектептердің, Блогодар, Пригород мектебінің оқушылары қатысты. Қатысушыларға тағам даярлауға бір жарым сағат уақыт берілді. Осы уақыттың ішінде француз еті, шығыс бәліші, көкөніс пен жемістен жасалған жеңіл салат түрлерін әзірледім, — дейді Пригород орта мектебінің оқушысы Альбина Нұрғалиева.

Қатысушыларды «Аспаз ісі» саласы бойынша «TAGA» мейрамхана кешенінің бас аспазы Тимур Першин, қаламыздағы пиццериялар желісінің технологі Жаннұр Райымбекова, флористтерді Елена Божкова сынды сарапшы мамандар бағалады.

— Ақтөбеде қызмет көрсету, оның ішінде қоғамдық тамақтандыру саласы қарқынмен дамып келеді. Бұл кәсіби мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Бұл сайыс болашақ мамандарға кәсіби бағыт-бағдар береді деп ойлаймын. Мейрамхана және қонақүй бизнесі қауымдастығына мүше рестораторлардың басты проблемасы — білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Сондықтан Берсиев мектебін бітірген мамандар жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын, — дейді технолог Жаннұр Райымбекова.

Нәтижесінде «Аспаз ісі» саласы бойынша 1-орынды Альбина Нұрғалиева «Флористика» саласы бойынша 1-орынды Жанна Ваймер иеленді. Барлық қатысушыға Алғыс хатпен кәдесый табысталды.

 Ақмарал МҰҚАШЕВА. Дарындылар бақ сынады (aqtobegazeti.kz)